Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірге Жезқазғандағы медициналық нысандарды аралап, облыстық көпбейінді аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарымен және жаңа емхананың құрылысымен танысты. Бұл туралы өңір басшысы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министрі алдымен Жезқазғандағы облыстық көпбейінді ауруханаға барды. Қазіргі уақытта медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда жөндеу жұмыстарының жай-күйіне назар аударылып, аурухананы жаңғырту, пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Одан кейін бір ауысымда 250 адам қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылыс алаңын аралады. Мұнда құрылыс қарқыны, медициналық мекемені заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және нысанды пайдалануға беруге дайындау мәселелері қаралды.
Үш қабатты жаңа емханада консультациялық-диагностикалық кабинеттер, күндізгі стационар, зертхана, сәулелік диагностика және амбулаториялық хирургия бөлімшелері, сондай-ақ әйелдер консультациясы орналасады. Сонымен қатар емхана маңында тоғыз бригадаға арналған жедел медициналық жәрдем станциясын салу жоспарланған.
Жоба Beeline компаниясының қолдауымен Zhyly Zhurek Foundation қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылуда.
«Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін серіктестерімізге алғыс білдіремін. Бұл жобаның жүзеге асырылуы Жезқазғанның медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деп жазды Есет Байкен.
Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Денсаулық сақтау министрі Жезқазған жоғары медициналық колледжінде өңірдегі медициналық ұйымдардың басшыларымен, медицина қауымдастығының өкілдерімен, колледж оқытушылары және студенттерімен кездесті.
Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер, атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина кадрларын даярлау мәселелері талқыланды.
«Біздің басты міндетіміз – облыстың әрбір тұрғынына қажетті медициналық көмекті уақтылы алуға жағдай жасау. Осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







