Алкогольге ақша таппаған азамат тонауға барған: Қарағандыда бұрын сотталған күдікті ұсталды. Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері тонау дерегіне қатысы бар күдіктіні қылмыс ізін суытпай ұстады. Жәбірленуші – 39 жастағы қала тұрғыны. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға дүкен маңында басталған. Бейтаныс адам одан алкоголь сатып алуға ақша сұраған. Алайда қала тұрғыны өтінішке назар аудармай, үйіне қарай бет алған. Сол кезде әлгі адам оның соңынан қуып жетіп, мұрнынан ұрған. Кейін қолындағы ұялы телефонын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға туралы хабар түскен соң патрульдік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтады. Көп ұзамай ол ұсталды. Күдікті жақын маңдағы үйлердің бірінде тұратын 36 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны анықталды. Ұрланған ұялы телефон тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








