Қоқысқа тасталған ескі жиһаз бен тұрмыстық техника: Қарағанды облысында тазалық талаптарын бұзғандарға айыппұл салынуда. Қарағанды облысында қоғамдық тазалықты сақтау және абаттандыру қағидаларының орындалуын бақылау жұмыстары күшейтілді. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жыл басынан бері полиция қызметкерлері 40 мыңға жуық абаттандыру қағидаларын бұзу дерегін анықтады. Тазалық талаптарын елемеген 500-ге жуық тұрғын мен 800-ге жуық кәсіпкерлік нысан өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 200-ден астам заңсыз қоқыс орны жойылып, 120-ға жуық автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды. Бұл бағыттағы жұмысқа өңір тұрғындары да белсенді атсалысуда. Қарағандылықтар тазалық талаптарының бұзылғанын фото және бейнежазбаға түсіріп, полицияға жолдап келеді. Мұндай хабарламалар құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – ірі көлемді және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастау. Әсіресе ескі жиһаз, есік, сантехникалық жабдықтар мен тұрмыстық техниканы қоқыс контейнерлерінің жанына қалдыру деректері кездеседі. Мәселен, Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғыны тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлердің жанына жарамсыз электр плитасын тастап кеткен. Құқық бұзушыға 86 500 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар оған аталған техниканы арнайы полигонға өз күшімен жеткізу міндеттелді. Полиция тұрғындар мен кәсіпкерлерді тазалық талаптарын сақтауға, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленген орындарға шығаруға шақырады. Қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаның тазалығы – баршаға ортақ жауапкершілік.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









