Қарағанды облысында ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай бақылауда

    Қарағанды облысында тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралуына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Департамент аурушаңдық деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізіп, инфекциялардың таралуының алдын алу шараларын жүзеге асыруда.

    2026 жылғы қазан айының басынан бері облыста ЖРВИ-дің шамамен 23 мың жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 56 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 2,3 есе төмендеген.

    Зертханалық зерттеулер нәтижесінде ЖРВИ белгілері бар адамдардан алынған 241 сынама тексерілді. Оның 38 пайызынан тұмауға жатпайтын вирустар, атап айтқанда риновирус, аденовирус, бокавирус және парагрипп вирустары анықталды. Сонымен қатар тұмаудың A(H1N1) түрімен зертханалық расталған бір жағдай тіркелді. Ол 16 жастағы жасөспірімде анықталған.

    Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алудың тиімді жолдарының бірі – вакцинация. Биыл облысқа тұмауға қарсы вакцинаның 121 мың дозасы сатып алынды. Бүгінгі таңда 97 мыңнан астам адам вакцина алды. Иммундау аурудың алдын алуға, сондай-ақ инфекция жұқтырған жағдайда оның асқыну қаупін төмендетуге бағытталған.

    Эпидемиологиялық жағдайды бақылау аясында білім беру ұйымдарында оқушылардың аурушаңдығына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Қазіргі уақытта сыныптарда оқушылардың 20 пайызы және одан да көп бөлігі ауырған жағдайда қолданылатын шектеу шараларын енгізуге негіз болатын көрсеткіштер тіркелген жоқ. Медициналық ұйымдарда да ЖРВИ белгілері бар науқастарды қабылдау кезінде сүзгілер ұйымдастырылып, инфекцияның таралуын болдырмау шаралары күшейтілген.

    2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлері үшін міндетті маска тағу режимі енгізілді. Ал тұрғындарға, оның ішінде науқастар мен медициналық ұйымдарға келушілерге маска тағу міндетті емес, алайда адамдар көп жиналатын орындарда және тыныс алу жолдарының ауру белгілері байқалған жағдайда маска қолдану ұсынылады.

    Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин тұрғындарды аурудың алғашқы белгілеріне бейжай қарамауға шақырады.

    – Дене қызуы көтеріліп, жөтел, мұрыннан су ағу немесе әлсіздік байқалса, жұмысқа не оқуға бармай, үйде қалған дұрыс. Бұл инфекцияның басқа адамдарға таралу қаупін азайтады. Ата-аналарға балалардың денсаулығына ерекше назар аударып, ауру белгілері бар балаларды мектепке немесе балабақшаға жібермеуге кеңес береміз. Қажет болған жағдайда дәрігерге қаралып, өз бетінше ем қабылдаудан аулақ болған жөн, – деді Юрий Залыгин.

    Мамандар ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын сақтаудың маңызын еске салады. Қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені үнемі желдету, жөтелу және түшкіру әдебін сақтау, науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу және адамдар көп жиналатын орындарда сақ болу қажет.

    Сондай-ақ ауру белгілері пайда болған жағдайда денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, инфекцияны өзгелерге жұқтырмау үшін уақытылы шара қабылдау маңызды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары