2026 жылғы 4 қарашада Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастамасымен өңір колледждерінде «Салауатты университеттер» бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша үйлестіру кеңесі өтті.
Кеңеске білім беру ұйымдары мен аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының өкілдері, колледж басшылары мен бағдарлама үйлестірушілері қатысты.
Департамент басшысы Ю.Л.Залыгин өз сөзінде қазіргі уақытта бағдарламаға облыс колледждерінің жартысынан астамы қатысып жатқанын атап өтті. Департамент басшысының айтуынша, алдағы уақытта бағдарламамен қамтуды кеңейту және студенттер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескере отырып, профилактикалық жұмыстарды күшейту басты міндеттердің бірі болып табылады.
Іс-шара барысында қатысушыларға Қарағанды облысында 2026–2027 оқу жылына арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты университеттер» бағдарламасын енгізу және іске асыру жөніндегі жұмысты жетілдіру жоспарының жобасы таныстырылды.
Негізгі назар дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, дене белсенділігін арттыруға, артық салмақ пен семіздіктің алдын алуға, құрамында қанты бар сусындар мен энергетикалық сусындарды тұтынуды азайтуға, сондай-ақ темекі және никотин өнімдерін пайдаланудың алдын алуға аударылды.
Сонымен қатар колледждерде студенттердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналатын денсаулықты нығайтуға қолайлы орта қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді. Осы мақсатта студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен волонтерлерді белсенді тарту, интерактивті іс-шаралар, спорттық акциялар мен тақырыптық челлендждер ұйымдастыру ұсынылды.
Бағдарламаны іске асыру жастар арасында салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









