МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ – ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ МЕН БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ
2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.
Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің жаңа тарихи кезеңдегі даму басымдықтарын айқындап, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін арттыру, отандық кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық экономиканы дамыту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Президент еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыстарды бастауды тапсырды. Бұл ретте мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы басты талаптардың бірі ретінде белгіленді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік қаражаттың қоғамға барынша экономикалық және әлеуметтік қайтарым әкелуі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, осындай жобаларды іске асыруға қажетті материалдық-техникалық базасы мен тәжірибесі бар жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін барынша тартудың маңыздылығына тоқталды.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік сатып алу жүйесіне ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өйткені мемлекеттік сатып алу – мемлекеттік қажеттіліктерді қамтамасыз етумен қатар, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, кәсіпкерлік субъектілері арасындағы адал бәсекелестікті дамытуға және отандық өндірушілерді қолдауға ықпал ететін маңызды тетік.
Сондықтан сатып алуды сапалы жоспарлау, рәсімдердің ашықтығы мен бәсекелестігін қамтамасыз ету, жеткізушілер үшін тең жағдай қалыптастыру және сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына мән беру өзекті болып табылады.
Сонымен қатар, Президент Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу міндеттері мемлекеттік сатып алу саласын одан әрі жетілдірудің де маңызды бағыты болып саналады. Цифрлық шешімдер рәсімдерді оңтайландыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы өз құзыреті шегінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырады.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асыру – әрбір мемлекеттік органның өз саласы бойынша жүйелі әрі жауапты жұмыс жүргізуін талап етеді. Ал тиімді мемлекеттік сатып алу – өңірдің дамуына, кәсіпкерліктің өркендеуіне және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
Тиімді сатып алу – нәтижелі даму мен бюджет қаражатын ұтымды пайдаланудың негізі!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








