«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ: ТҰРҒЫНДАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ САЛАСЫ БОЙЫНША ТҮСІНДІРМЕ БЕРІЛДІ
Шымкент қаласында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңгерлік көмекті қолжетімді ету мақсатында «Халық заңгері» акциясы өтті. Іс-шара барысында қала тұрғындары өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша тиісті сала мамандарынан тегін кеңес алды. Акцияға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік органдардың мамандары, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары және басқа да мамандар қатысты. Іс-шараға Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Нұрлан Есіркепов Тұрсынбекұлы қатысып, азаматтарға мемлекеттік сатып алу саласына қатысты мәселелер бойынша түсіндірме берді. Қабылдау барысында азаматтар мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға, сатып алу рәсімдеріне, құжаттаманы әзірлеуге және мемлекеттік сатып алу саласындағы өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Басқарма маманы азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме беріп, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысты сұрақтар бойынша қажетті ақпаратпен қамтамасыз етті. «Халық заңгері» акциясы азаматтардың құқықтық мәселелер бойынша білікті мамандардан тікелей кеңес алуына мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған.