2026 жылғы 29 қазанда Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде 2026 жылдың 9 айындағы қызмет қорытындыларына арналған алқа отырысы өтті. Отырысқа Департамент басшысы Юрий Леонидович Залыгин төрағалық етті.
Алқа отырысына Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен мамандары, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының басшылары, сондай-ақ Қарағанды облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің есепті кезеңдегі негізгі жұмыс нәтижелері қаралып, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарға талдау жүргізілді.
Күн тәртібінде халықтың инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы иммунопрофилактикасының жай-күйі, туберкулез бойынша эпидемиологиялық ахуал, медициналық ұйымдарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы және медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар білім беру және тәрбиелеу объектілеріндегі, коммуналдық және қоғамдық тамақтану объектілеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, еңбек гигиенасы, мемлекеттік қызметтер көрсету, бақылау-қадағалау қызметінің нәтижелілігі және мемлекеттік тапсырыс шеңберінде зертханалық зерттеулер жүргізу мәселелеріне назар аударылды.
Бұдан бөлек, аумақтық басқармалардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері, кадрлық қамтамасыз ету мәселелері және әкімшілік практика бойынша есептер тыңдалды. Қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарын білдірді.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің 2026 жылғы 9 айдағы жұмысына баға беріліп, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, олардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалар белгіленді.









