
2026 жылғы 29 қыркүйекте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Таурбековтің төрағалығымен Жұқпалы емес аурулардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, экология департаменттерінің, денсаулық сақтау, білім беру, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының, «Қазгидромет» РМК филиалының, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық басқармаларының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында екі негізгі мәселе қаралды: Комиссияның алдыңғы отырысында берілген тапсырмалардың орындалуы және атмосфералық ауаның ластануының халық арасында жұқпалы емес аурулардың таралу деңгейіне әсер ету себептері мен салдары.
Бірінші мәселе бойынша Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин балалар мен жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталған тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп берді.
Атап айтқанда, қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамытуға, жастардың дене белсенділігін арттыруға, темекі және алкоголь өнімдерін, энергетикалық сусындарды тұтынудың алдын алуға, дұрыс тамақтану қағидаттарын қалыптастыруға, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарының денсаулықты нығайту бағдарламаларына қатысуын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Екінші мәселе бойынша атмосфералық ауаның ластануының Қарағанды облысы халқының жұқпалы емес аурулар көрсеткіштеріне әсеріне талдау ұсынылды.
Бағалау барысында атмосфералық ауаның сапасын мониторингілеу деректері мен халық денсаулығының көрсеткіштері пайдаланылды. Талдау аясында ластаушы заттардың шоғырлану деңгейі бағаланып, «ластаушы зат – ауру» арасындағы басым байланыстар анықталды, сондай-ақ корреляциялық және регрессиялық талдау жүргізілді.
Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалалары мен Абай ауданына ерекше назар аударылды. Қарағанды қаласында PM2.5 және PM10 ұсақ дисперсті бөлшектері, шаң және басқа да ластаушы заттар негізгі әсер етуші факторлар ретінде қарастырылды. Теміртау қаласында өнеркәсіптік ластанудың кешенді әсері байқалса, Балқаш қаласы мен Абай ауданында өнеркәсіп, жылу энергетикасы және көлік көздеріне байланысты жекелеген ластаушы заттар өзекті болып отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша нақты ведомствоаралық шаралар белгіленді. Қарағанды және Теміртау қалалары, сондай-ақ Абай ауданы атмосфералық ауаның ластануына тереңдетілген мониторинг жүргізу және оның халық денсаулығына әсерін бағалау бойынша басым аумақтар ретінде белгіленді.
Денсаулық сақтау басқармасына басым нозологиялар бойынша алғашқы сырқаттанушылық туралы деректерді тұрғылықты жері, жынысы және жас ерекшеліктері бөлінісінде жыл сайын ұсыну тапсырылды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық денсаулығына төнетін созылмалы қауіптерді бағалау және жағдайға ведомствоаралық мониторинг жүргізу жұмыстарын жалғастырады.
Ведомствоаралық мониторинг нәтижелері атмосфералық ауаның ластану динамикасын, халықтың сырқаттанушылық көрсеткіштерін және жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін Комиссия отырыстарында тұрақты түрде қаралатын болады.
Қарағанды облысында жұқпалы емес аурулардың алдын алу және қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерін төмендету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.









