19–20 қараша күндері Назарбаев Университетінің Медицина мектебінде «Микробқа қарсы резистенттілікпен күресудегі микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану: „Біртұтас денсаулық“ тәсілі» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан, Орталық Азия, Еуропа және Азия елдерінен 200-ден астам маман, ғалым және сарапшының басын біріктірді.
Конференция жұмысына Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Леонидович Залыгин және Департаменттің ауруханаішілік инфекцияларды бақылау бөлімінің басшысы Ляззат Талғатқызы Секербаева да қатысты.
Конференция аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Ляззат Талғатқызының «Көпбейінді стационардағы микробтық ахуал мен антибиотиктерге төзімділікті талдау» тақырыбындағы ғылыми баяндамасы болды. Л.Т.Секербаеваның ғылыми жұмысы іріктеуден өтіп, конференцияның ғылыми бағдарламасына ауызша баяндама форматында енгізілді.
Сонымен қатар Ляззат Талғатқызы профессор Сяо-Нун Чжоу (Xiao-Nong Zhou) жетекшілік ететін Writing Clinic шеберлік сабағына қатысу үшін халықаралық конкурстық іріктеуден сәтті өткен Орталық Азияның сегіз жас ғалымының қатарына енді. Профессор Сяо-Нун Чжоу – қоғамдық денсаулық сақтау және микробқа қарсы резистенттілік саласындағы жетекші халықаралық сарапшылардың бірі.
Конференция Дүниежүзілік микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы хабардарлық апталығы аясында «Біртұтас денсаулық, бірлескен іс-қимыл – микробқа қарсы резистенттіліктің алдын алуды бүгіннен бастайық!» ұранымен өтті. Қатысушылар антибиотиктерді ұтымды қолдану, инфекциялық бақылауды жетілдіру, зертханалық диагностиканы дамыту және микробқа қарсы резистенттілікті тежеудің ғылыми негізделген тәсілдерін енгізу мәселелерін талқылады.
Мұндай халықаралық алаңдар кәсіби тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелерін халықаралық деңгейде таныстыруға, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









