Жолдар, көпірлер, жолайрықтар мен энергетикалық нысандар құрылысы - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Түркияның B. ERGÜNLER және OYTAŞ компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ олардың қазақстандық серіктесі - «Omer-S» ЖШС өкілдерімен кездесуде осы бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Түрік компанияларының портфелінде Анкара-Сивас жоғары жылдамдықты теміржол желісінің жекелеген учаскелері, автокөлік жолдары мен тоннельдер құрылысы, Түркиядағы су, жел және күн электр станцияларының жобалары бар. Ал қазақстандық серіктес компанияның Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (БАКАД) құрылысына және ірі өнеркәсіптік нысандардағы жұмыстарға қатысу тәжірибесі бар.
Кездесу барысында бизнес өкілдері Шығыс Қазақстандағы құрылыс жобаларына жергілікті компаниялармен бірлесіп қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Ынтымақтастық консорциумдар құру, бірлескен кәсіпорындар ашу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асуы мүмкін.
Нұрымбет Сақтағанов түрік мамандарының құрылыс саласындағы тәжірибесін атап өтіп, өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
«Шығыс Қазақстан - өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақ, ал Қазақстан мен Түркия арасындағы тығыз қарым-қатынас іскерлік байланысты одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Біз ұсынылған әр жобаны мұқият зерделеп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге әзірміз», - деді аймақ басшысы.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









