Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болды.
Министр ұлттық парк аумағының жай-күйімен танысып, Басшы ауылындағы орталық кеңсесіне барды. Сапар барысында парктің күнделікті қызметі, табиғи аумақтарды қорғау, жануарлар дүниесін сақтау және ғылыми мониторинг жүргізу мәселелері қаралды.
«Алтын-Емел» – құлан, қарақұйрық пен арқар мекендейтін еліміздегі бірегей табиғи аумақтардың бірі. Жануарлар санын есепке алу, олардың қозғалысын бақылау, табиғи мекендеу ортасын сақтау және браконьерліктің алдын алу – парк қызметкерлерінің негізгі міндеттері. Министр осы бағыттағы жұмыстарға және аумақты қорғау ісінің ұйымдастырылуына назар аударды.
Сапар барысында экологиялық туризмді дамыту мәселесі де қозғалды. Атап айтқанда, келушілерге қолайлы жағдай жасау, туристік инфрақұрылымды жақсарту және ұлттық парктің ерекше табиғатын сақтай отырып, туристік бағыттарды дамыту жайы талқыланды.
Министр парк қызметкерлерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әңгіме барысында аумақты қорғау жұмыстары, мамандардың еңбек жағдайы және алдағы міндеттер сөз болды. Сондай-ақ «Алтын-Емелдің» табиғи байлығын сақтауға күн сайын үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегі ерекше атап өтілді.








