Атырау қаласында мектеп басшылары арасында VI республикалық «Director’s CUP» дебат турнирі өтті. Дәстүрлі түрде алтыншы рет ұйымдастырылған зияткерлік додаға еліміздің 7 облысынан келген мектеп директорлары қатысып, өзара бақ сынады.
Үш күнге созылған турнир барысында қатысушылар пікір алмасып, басқарушылық тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді дебат алаңында талқылады. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған турнирдің басты мақсаты – мектеп басшыларының сыни ойлау, шешендік өнер, дәлелді пікір айту және басқарушылық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ білім беру саласындағы озық тәжірибелерді насихаттау.
Іс-шара Каспий BINOM school мектеп-лицейі ғимаратында ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында қатысушылар Атырау облысының педагогикалық-инновациялық іс-тәжірибе көрмесімен танысып, өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларының тәжірибе алаңына қатысты. Дебат турнирі АПФ және Линкольн–Дуглас (LD) форматтары бойынша бірнеше кезеңде өтті. Қатысушылар өз ұстанымдарын дәйекті дәлелдермен қорғап, қарсы тараптың пікіріне салмақты уәж келтіріп, кәсіби біліктіліктері мен шешендік шеберліктерін танытты. Турнирдің мәдени бағдарламасы аясында қатысушылар Атырау жастар театрының «Мұғалім» әлеуметтік драмасын тамашалап, қаланың көрікті орындарымен танысты. Сонымен қатар еркін пікір алмасу мен кәсіби тәжірибе бөлісуге арналған кездесулер ұйымдастырылды.
Финалдық ойындар қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. І орыды Алматы облысының «Угвей» фракциясы, ІІ орынды Атырау облысының «Ойла» фракциясы, ал ІІІ орынды Қызылорда облысының «Орда» және Маңғыстау облысының «Ұлағат» фракциялары иеленді. Жеке номинациялар бойынша «Үздік спикер» номинациясын Алматы облысының «Угвей» фракциясының мүшесі Қызырхан Шыңғар Қызырханұлы, LD форматының финалисі – Атырау облысының «Ойла» фракциясының мүшесі Нұртанов Қайсар Бердіғалиұлы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапаттарды Атырау облысы Білім беру басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Жұмағазиева табыстады.
VI республикалық «Director’s CUP» дебат турнирі мектеп басшыларының кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа идеялар мен тиімді басқарушылық тәжірибелерді қалыптастыруға жол ашты. Үш күнге созылған тағылымды шара мазмұнды пікірталас, кәсіби серіктестік пен зияткерлік бәсекенің жарқын үлгісіне айналды.









