
Атырау облысы Білім беру басқармасы мен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен оқушылар мен студенттер арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, заңсыз қаржылық операцияларға тартылудың алдын алу және жаңа қылмыстық жауапкершілік нормаларын түсіндіру мақсатында облыстық семинар өтті.
«Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік және жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың алдын алу» тақырыбында ұйымдастырылған семинарға 300 оқушы қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға банк шоттарын, төлем және сәйкестендіру құралдарын заңсыз пайдалануға беру немесе сатып алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарға байланысты қылмыстық заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді.
Мамандар жастарға өз банк картасын, шотын немесе жеке деректерін бөтен адамдарға берудің құқықтық салдары туралы айтып, интернеттегі қаржылық алаяқтық пен құқыққа қарсы әрекеттерге тартылудың алдын алу жолдарына тоқталды.
Жастардың заң талаптарын білуі – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі. Сондықтан мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.








