Ерте жастағы балаларды қолдау

    1 / 2

    Атырау қаласында «Ерте жастағы балаларға қолдау көрсету» тақырыбында республикалық семинар-практикум өтті. Іс-шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан қолдау жүйесін жетілдіруге, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында инклюзивті ортаны дамытуға және мамандардың кәсіби тәжірибесін кеңейтуге арналды.

    Семинар-практикумның негізгі мақсаты - балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау, оларға уақтылы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету тетіктерін талқылау, тиімді тәжірибелермен бөлісу және инклюзивті білім беру сапасын арттыру. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті мен Мектепке дейінгі білім беру департаментінің өкілдері, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары, облыстық білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың өкілдері, «BI GROUP» компаниясының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, арнайы педагогтер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Атырау облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі дамып келеді

    Семинар барысында Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева өңірдегі инклюзивті және арнайы білім беру саласының дамуы, балаларға көрсетілетін қолдау шаралары мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

    «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте жастан анықтау, оларға уақытылы психологиялық-педагогикалық көмек көрсету және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру – бүгінгі білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі. Әрбір баланың қабілетін ашуға және сапалы білім алуына жағдай жасау – ортақ жауапкершілігіміз», – деді Света Аманшиева.

    Оның айтуынша, облыста ерекше білім беруді қажет ететін 7 793 бала тіркелген. Оларды қолдау мақсатында өңірде 19 арнайы білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 3 арнайы мектеп-интернат, 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), 9 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 1 оңалту орталығы және 1 арнайы балабақша бар. Сонымен қатар, облыста 40 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. 2023–2025 жылдары өңірде жаңа психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу және инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған. Бұл балаларға қажетті көмекті уақтылы көрсетуге, арнайы мамандардың қызметін қолжетімді етуге және отбасыларды қолдау мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Сондай-ақ, өңірде 400 орындық аутизм орталығын ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, 2026 жылы 300 балаға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың жан-жақты дамуына да басымдық берілген. «Лира» жүйесі арқылы 174 бала спорттық үйірмелермен қамтылған.

    Ерте қолдау – баланың болашағына салынған инвестиция

    Семинар аясында мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысын тиімді ұйымдастыру, балалардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес түзете-дамыту көмегін көрсету, заманауи әдіс-тәсілдерді енгізу және ата-аналармен өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар балаларға ерте жастан көрсетілетін кешенді қолдаудың олардың даму мүмкіндіктерін кеңейтудегі, әлеуметтік ортаға бейімделуіндегі және болашақта білім алудың маңызын атап өтті. Бұл ретте педагогтер, арнайы мамандар, ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысына ерекше назар аударылды.

    «Ерте қолдау көрсету жүйесінің тиімділігі тек арнайы мекемелердің санымен емес, көрсетілетін көмектің сапасымен және мамандардың кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзияны қолдау кабинеттерінің жұмысын жетілдіру, заманауи әдіс-тәсілдерді енгізу және ата-аналармен ынтымақтастықты нығайту маңызды», – деп атап өтті Света Аманшиева.

    Семинар-практикум барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, балаларға ерте көмек көрсету саласындағы тиімді практикаларды таныстырды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру, мамандар арасындағы кәсіби байланысты нығайту және балаларға сапалы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бағыттары бойынша пікір алмасты. Республикалық семинар-практикум мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ғылыми-әдістемелік орталықтар, бизнес және үкіметтік емес сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтау және дер кезінде қолдау көрсету оның әлеуетін ашуға, табысты әлеуметтенуіне және сапалы білім алуына негіз қалайды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысының Білім беру басқармасы" жаңалықтары