Атырау облысының Білім басқармасы мен Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен 2026 жылғы 2–20 қараша аралығында өңірдегі мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арналған «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру, заманауи цифрлық ортадағы қауіп-қатерлер туралы түсінігін қалыптастыру, сондай-ақ қаржылық құқық бұзушылықтарға тартылудың алдын алу. Үш аптаға жуық уақытқа созылған профилактикалық жұмыстар барысында облыс бойынша 80 мыңнан астам мектеп оқушысы, колледж студенті және педагог қызметкер қамтылды.
Ақпараттық-түсіндіру кездесулерінде қазіргі таңда кеңінен таралып отырған қаржылық алаяқтық түрлеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттер, дипфейк, дропперлік, қаржы пирамидалары және онлайн-казино қызметіне байланысты қауіптер түсіндірілді. Мамандар білім алушыларға жалған бейнежазбалар мен дауыстық хабарламалар арқылы адамдарды алдау тәсілдері, жеке деректерді иемдену және банк шоттарын заңсыз мақсатта пайдалану жағдайлары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар оқушылар мен студенттерге банк картасының деректерін, құпиясөздер мен жеке мәліметтерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдардың қаржылық ұсыныстарына сенбеу қажеттігі ескертілді. Әсіресе, соңғы уақытта өзекті болып отырған дропперлік мәселесіне баса назар аударылды. Білім алушыларға өздерінің банк карталары мен шоттарын бөгде адамдарға ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін пайдалануға берудің құқықтық салдары түсіндірілді. Жеңіл табыс табу туралы ұсыныстардың артында заңсыз қаржылық операциялар тұруы мүмкін екені айтылды. Профилактикалық іс-шаралар аясында оқушылар мен студенттер арнайы әзірленген онлайн сауалнамадан өтіп, қаржылық қауіпсіздік бағытындағы білімдерін тексеруге мүмкіндік алды. Бұл олардың тақырып бойынша ақпаратты қаншалықты меңгергенін бағалауға бағытталды.
Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қаржылық қауіпсіздік мәселесін одан әрі өзекті етіп отыр. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігін белсенді пайдаланатын жасөспірімдердің алаяқтық схемаларды ажырата білуі, жеке деректерін қорғауы және қаржылық шешімдерді сауатты қабылдауы маңызды. Осыған байланысты Атырау облысының Білім басқармасы мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті білім алушылар арасында қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру, интернет-алаяқтық пен өзге де қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы бірлескен профилактикалық жұмыстарды жалғастырады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.







