«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында округте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар талқыланды.
Атап айтқанда, Дамбы ауылындағы бұрынғы Ферма көшесі мен №25 полиция бекетінің аумағында 400 метр жол салу жоспарланған. Сонымен қатар, округте жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын 5 айналма жолдың құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды биыл аяқтау көзделген.
Көше жарығын жақсарту мақсатында 2026–2027 жылдары 3 көшеге жарық шамдарын орнату жоспарланған. Сондай-ақ электр желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Дамбы ауылындағы №41 тарату пунктінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Абаттандыру бағытында биыл 5 жаңа автобус аялдамасы мен 4 аялдама қалташасы орнатылды. Сонымен қатар, балалар ойын алаңдары жаңғыртылып, Наурыз көшесінің бойына тренажер алаңы салынды. Дамбы ауылындағы «Балықшылар» саябағы тұрғындар игілігіне беріліп жатса, Амангелді ауылындағы «Жеңіс» саябағын жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында Дамбы ауылында 300 орындық жаңа мектеп салынып, биыл 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Қазір №54 орта мектепте 241 оқушы білім алады.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі көтерілген мәселелерге мұқият назар аударып, оларды шешу бағытындағы жұмыстар бақылауда болатынын айтты.









