Республика күні қарсаңында Атырау қаласында 160 орындық «Ботақан» бөбекжай-бақшасы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров, ардагер-ұстаздар, ауыл ақсақалдары, педагогтер мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты шарада Ердос Ғаниұлы қала әкімі Данияр Тахановтың атынан және өз атынан ауыл тұрғындарын жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.
– Дана халқымыз «Бала – бауыр етің» деп, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Баланың бойына ізгілік пен адамгершілікті сіңіріп, білімге деген қызығушылығын оятатын алғашқы орта – балабақша. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін ашылып отырған «Ботақанның» орны ерекше. Енді 160 бүлдіршін осы балабақшада тәрбиеленіп, алғашқы достарын тауып, айналасын танып, мектепке дейінгі білімнің негізін қалайды, – деді Ердос Ғаниұлы.
Шара барысында балабақшаның символикалық кілті табысталып, ғимараттың лентасы қиылды. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар балабақшаның ішін аралап, бүлдіршіндерге арналған бөлмелермен, оқу-тәрбие және ойын алаңдарымен танысты. Балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына, жайлы ортада білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай қарастырылған.









