Қала әкімі Кеңөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті

    1 / 4

    «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов Кеңөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында қала әкімі ауылдық округте атқарылып жатқан және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарға тоқталды.

    Атап айтқанда, Тасқала ауылындағы 8 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату, жалпы ұзындығы 573 метр жол салу және 7 автотұрақ алаңын жасау жоспарланған. Қазір аталған жобаларды қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

    Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында «Өрлеу» шағын ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар, 160 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, 23 қазанда ашылуы жоспарланған. Биыл Қайнар шағын ауданында 300 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді.

    Инженерлік инфрақұрылым бойынша Қайнар елді мекеніне кәріз желісін жүргізу жобасы әзірленуде. Сондай-ақ бірқатар көшенің ауызсу, электр және газ желілерін қайта жаңғырту жоспарланған.

    Округте абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 4 автобус аялдамасы мен 4 балалар ойын алаңы орнатылды. Қайнар шағын ауданында тағы бір ойын алаңының құрылысы басталды. Сонымен қатар болашақта салынатын 2 саябақтың аумағы қоршалып, 300 түп көшет отырғызылды. Алдағы уақытта 7 қоқыс алаңшасын жөндеу және аллея қоршауын жаңарту жұмыстары жүргізіледі.

    Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Шаһар басшысы көтерілген мәселелерге мұқият назар аударып, олардың шешілуі қатаң бақылауда болатынын айтты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау қаласының әкімдігі" жаңалықтары