Атырау қаласының әкімі Данияр Тахановтың төрағалығымен цифрландыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған қала әкімінің орынбасарлары, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сұлтанов, қала әкімі аппаратының басшысы және дербес бөлімдердің басшылары қатысты.
Жиында қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты салаларды цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Атап айтқанда, қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын орнату, көлік қозғалысын бақылайтын диспетчерлік жүйені жетілдіру, жол инфрақұрылымының сапасын мониторингтеу, инватакси қызметін цифрландыру және құрылыс саласына бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу мәселелері қаралды. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын бақылау мен басқарушылық шешімдер қабылдауда деректерді тиімді пайдалану бағыттары сөз болды.
Жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, цифрлық шешімдерді енгізудің тиімді жолдарын талқылады.
Қала әкімі Данияр Таханов цифрландыруды жүйелі түрде қолға алып, басқарушылық шешімдер қабылдау үдерісіне заманауи технологияларды кеңінен енгізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық жүйелер жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етіп, адами факторды азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шаһар басшысы нақты нәтижеге бағытталған, тиімді әрі өзекті жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді. Ол ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеп, қаланың дамуына және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ықпал ететін жобаларға басымдық беруді тапсырды.









