1 / 5
Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов арнайы жұмыс кестесіне сәйкес Еркінқала ауылдық округіне барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде округтің қазіргі жағдайы, атқарылып жатқан жұмыстар және алдағы жылға жоспарланған жобалар сөз болды.
Жол инфрақұрылымы бойынша 2024 жылы басталған Атырау–Еркінқала автокөлік жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазір 11,7 шақырым жолдың 5,5 шақырымы аяқталып, көлік қозғалысына ашылды. Сонымен қатар, округтегі 43 көшеге (жалпы ұзындығы 25,5 шақырым) жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары биыл аяқталмақ.
Бұдан бөлек, асфальт төселмеген көшелерге жол салу жобасы аясында Еркінқала ауылдық округінің 5 көшесіне тас жол төсеу жоспарланған. Келесі жылы округтің 36 көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің VII кезеңі аясында жүзеге асырылады.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да жалғасуда. Еркінқала ауылында 320 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынуда. Нысанды 2027 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ Өркен шағын ауданында 250 орындық емхананың құрылысы жүргізілуде. Қазір жұмыс 70 пайызға орындалған, нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Биыл Еркінқала-2 ауылында 600 орындық жаңа мектеп пен 150 орындық саз мектебі пайдалануға берілді.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Данияр Таханов көтерілген мәселелерді жауапты сала басшыларымен бірлесіп қарастырып, тиісті тапсырмалар берді. Олардың орындалуы мен шешілу барысы қала әкімінің тұрақты қадағалауында болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









