«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов Атырау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жүздесу барысында округте атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар талқыланды.
Биыл Зарослый тұрғын үй алабындағы жалпы ұзындығы 27,9 шақырым болатын 31 көшеге тас жол төсеу аяқталды. Қазір жол белгілері орнатылып, жолақтар сызылуда. Сонымен қатар, округте электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 9 трансформатор орнатылды, 13 шақырым жер асты кабелі тартылып, 5 326 метр әуе желісі жаңартылды. Жаңаталап ауылындағы 225 апатты бағананы ауыстыру жалғасуда.
Абаттандыру аясында Құрманғазы ауылындағы саябақ жаңғыртылып, 4 жаңа аялдама, 5 қоқыс алаңы салынды. Сондай-ақ 50 контейнер орнатылды. Келесі жылы округтің 5 көшесіне жарық шамдарын қою жоспарланған.
Әлеуметтік салада Қызылбалық ауылындағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектепке 250 орындық жапсаржай салу, Құрманғазы және Жаңаталап ауылдарындағы балабақшалардың құрылысын аяқтау көзделген. Жаңаталап ауылындағы Жамбыл орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оны 2027 жылдың шілде айында аяқтау жоспарланып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қала әкімі айтылған өтініштерге жіті назар аударып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Көтерілген мәселелердің шешілу барысы бақылауда болады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









