Түркістан облысында күзгі ағаш отырғызу науқаны басталды. Осыған орай Түркістан қаласындағы әуежай жолының бойында жаппай көшет отырғызу шарасы ұйымдастырылды. Игі бастамаға облыс әкімі Нұралхан Көшеров те қатысып, көгалдандыру жұмыстарына үлес қосты.
Ауқымды іс-шараға облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты «Тұран су» мекемесінің, Ветеринария басқармасының және «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қызметкерлері қатысты. Жалпы шараға 1000-ға жуық адам атсалысты.
Іс-шара барысында өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту және қала көркін арттыру мақсатында 22,5 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 7 500 түп тұт, 6 250 түп жиде, 5 000 түп өрік пен алша және 3 750 түп қарағаш бар. Жалпы әуежай жолының бойына 87,5 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.
Мемлекет басшысының республика бойынша 15 миллион көшет отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында 1,5 миллион түп көшет егу көзделген.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірдегі 807 елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта бекітілген аймақтық жоспар аясында елді мекендердің 90 пайызына жуығын жасыл желекпен қамту көзделіп, облыс көлемінде 4 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Өткен жылы осы бағытта 1 007 123 түп ағаш көшеті егілді.
Көгалдандыру жұмыстары биыл да жалғасуда. Биыл облыс көлемінде 1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Оның 332,5 мыңы көктемгі маусымда егілді. Ал күзде 700 мыңға жуық көшет отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда аудан-қалаларға 195 мың түп көшет босатылды.
Көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, елді мекендердің жасыл желекпен көмкерілуіне және өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









