Атырау қаласында жергілікті тауар өндірушілердің «Атырауда жасалған» көрме-жәрмеңкесінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Шараның ашылуына қатысқан қала әкімі Данияр Таханов кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қала экономикасын дамытуға қосып жүрген үлесін атап өтті.
– Кәсіп ашып, оны дамыту – үлкен еңбек. Сіздер жаңа жұмыс орындарын ашып, халыққа қажетті өнімдер шығарып келесіздер. Бүгінгі көрме – өз өнімдеріңізді таныстырып, жаңа серіктестер тауып, тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік. Биыл көрмеде креативті индустрия жобаларының да көп болуы қуантады. Қала әкімдігі кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс істеуге әрдайым дайын, – деді қала әкімі.
Биыл көрмеге 100-ден астам кәсіпкер қатысып, өз өнімдері мен жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Көрмеде мұнай-химия, құрылыс, жеңіл және металл өнеркәсібі, азық-түлік өндірісімен қатар, креативті индустрия мен IT саласындағы жобалар да қамтылған.
Көрме аясында кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары, еңбек заңнамасы мен еңбек инспекциясы талаптары бойынша пленарлық сессия өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға цифрлық жобалардың таныстырылымдары мен шеберлік сабақтары ұсынылды.
Көрме бағдарламасы «Халық дауысы» алаңындағы кездесулермен, цифрлық жобалардың таныстырылымдарымен және өзге де танымдық шаралармен жалғасты.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









