Дамбы ауылында жаңа «Балықшылар» саябағының ашылу салтанаты өтті. Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов ауыл тұрғындарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтап, оның ауылдың көркеюіне қосар үлесін атап өтті.
– Дамбы – балықшылық кәсібімен біте қайнасқан, тарихы терең ауыл. Сондықтан саябақтың «Балықшылар» деп аталуы да тегін емес. Мұнда тұрғындардың, әсіресе балалардың еркін демалып, уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалды. Жаңа саябақ ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналсын, – деді Данияр Болатұлы.
Аумағы 1,3 гектарды құрайтын саябақта 460 шаған және 82 қарағай отырғызылды. Мұнда балалар ойын алаңы, жаттығу аймағы, серуендеу және жүгіру жолақтары жасақталып, түнгі жарық шамдары мен бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратолла Тілекқабыл мен балық өнеркәсібінің ардагері, жергілікті қоғамдық кеңес төрағасы Санат Тілепбергенов те ақ тілектерін білдірді. Лента қию рәсімінен кейін қала әкімі бастаған ауыл тұрғындары жаңа демалыс орнын аралап көрді.









