СҚО-да су браконьерлерінің тобы ұсталды

    1 / 4

    Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында рейд барысында полицейлер тексеру үшін «ГАЗель» автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүк бөлігінен шамамен 1 700 келі балық, екі моторлы қайық және балық аулайтын аулар табылды.

    Рөлде отырған Ақмола облысының 49 жастағы тұрғыны интернеттегі хабарландыруға жауап беріп, Ақжар ауданының ауылдарының бірінен Көкшетау қаласына дейін жүкті 70 мың теңгеге тасымалдауға келіскенін түсіндірді.

    Оның айтуынша, тапсырыс берушілер тасымалдың заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуға уәде берген. Алайда құжаттарды алмаған жүргізуші жолға шығуды ұйғарған. Соның салдарынан ол аудандық полиция бөлімінде түсініктеме беруге мәжбүр болды.

    Тәртіп сақшылары заңсыз балық аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта екі күдікті анықталды. Олар — Түркістан облысының 33 және 32 жастағы тұрғындары. Олардың айтуынша, балық Майское ауылының маңындағы көлден ауланған. Полицейлер браконьерлік балық аулауға қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау және басқа да заңсыз аулау деректерін тексеру жұмыстарын жалғастыруда.

    Полиция қызметкерлері басқа бөлімшелермен бірлесіп, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыста заңсыз балық аулаудың 11 дерегі және заңсыз аң аулаудың 4 дерегі тіркелген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары