Астанада жүздеген заңсыз граффити мен есірткі жарнамасы бар жазу өшірілді

    1 / 5

    Астанада заңсыз салынған граффитилерді жоюға және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге арналған «Антивандал» акциясы өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында бүгінге дейін қала аумағындағы 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити өшірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Кезекті акция «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінің аумағындағы балалар ойын алаңында өтті. Оған волонтерлер мен Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері қатысты. Олар ойын алаңын қалпына келтіріп қана қоймай, қабырғалардағы жазулар мен суреттерді бояп шықты.

    «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімі маманы Асланбек Бапаевтың айтуынша, «Антивандал» волонтерлік қозғалысы басталғалы бері осы бағытта 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған.
    «Қозғалыс аясында қала аумағында 360-тан астам есірткі жарнамасы бар жазу мен заңсыз граффити анықталып, бояу арқылы жойылды. Сонымен қатар волонтерлер аптасына екі рет рейдке шығып, қаладағы вандализм белгілерін анықтайды.

    Аудандық әкімдіктермен бірлесіп, заңсыз жазуларды өшіру, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру және балалар ойын алаңдарын қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп келеді. Мәселен, осы аптада Сарыарқа ауданында екі іс-шара өтті. Оған «Астана жастарының» волонтерлері мен Қазтұтынуодағы колледжінің студенттері қатысты. Бүгін Нұра ауданы әкімдігімен және Құрылыс-техникалық колледжінің студенттерімен бірлесіп, балалар ойын алаңын қалпына келтіру жұмысын жүргіздік», – деді Асланбек Бапаев.

    Нұра ауданы әкімінің аппараты ішкі саясат бөлімінің бас маманы Руслан Сәбитов студенттердің бастамасын қоғамдық жауапкершілікті қалыптастырудың бір көрінісі ретінде бағалады.

    «Студенттердің вандализмге қарсы іске өз бастамасымен қосылғаны қуантады. Бүгін олар тұрғын үй ауласындағы балалар ойын алаңын жөндеп, қалпына келтірді. Сонымен қатар түрлі жазулардан, граффитилер мен суреттерден тазартты. Мұндай бастамалар айналаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Қаладағы тазалық пен тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бұл ретте жастардың жеке үлгісі мен белсенділігінің маңызы зор», – деді Руслан Сәбитов.

    Айта кетейік, «Антивандал» қозғалысының негізгі мақсаты – вандализмнің алдын алу және тұрғындардың қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Бастама аясында заңсыз граффитилерді анықтау және жою жұмысы жалғасып келеді.

    #заңментәртіп #законипорядок

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары