Соңғы үш жылда Балқаш көліне шамамен 40 миллиард текше метр су келіп, көл деңгейінің тұрақтануына ықпал етті.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Балқашқа құятын судың негізгі бөлігі Іле өзені арқылы келеді. Өзен ағысын Қапшағай су қоймасы реттейді. 2024 және 2025 жылдары су қоймасы толық көлемде толтырылса, биылғы көрсеткіш 98 пайызға жеткен.
Министрліктің мәліметінше, қазір көл деңгейі Балтық биіктік жүйесі бойынша 341 метр шамасында сақталып отыр. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Іле өзеніндегі су ағынының көлемі көпжылдық орташа деңгейден төмендемегенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Балқаш көлін 2040 жылға дейін сақтау жөніндегі бас жоспар француз сарапшыларымен бірлесіп әзірленіп жатыр. Мамандар далалық зерттеулер жүргізіп, жиналған мәліметтерді зерделеуде.









