КӨКСУДА «БАЛТАБАЙ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

    1 / 8
    Шардара ауданының әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев Көксу ауылдық округінде орналасқан «Балтабай» шаруа қожалығына арнайы барып, шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек адамдары және шаруалармен кездесті.
    1997 жылы құрылған шаруашылыққа Серкебай Дүйсенкүл төрайымдық етеді. Бүгінде қожалықтың жалпы егістік алқабы 20 гектарды құрайды. Оның 16 гектарына мақта, 4 гектарына бақша дақылдары егілген.
    Шаруашылықтың жалпы құны 39 млн теңге болатын өндірістік жұмыстары өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда 5 адам еңбек етеді. Оның ішінде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 2 адам маусымдық жұмыстарға тартылған.
    Егіс алқаптарындағы жұмыстарды жүргізу үшін шаруашылықта 3 бірлік техника бар. Атап айтқанда, МТЗ-80 және ТS-1404 тракторлары, сондай-ақ лазерлі тегістегіш аппараты пайдаланылуда.
    Кездесу барысында аудан әкімі шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, егін шаруашылығын дамыту, жерді тиімді пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы мәселелерді талқылады.
    Арман Романұлы шаруа еңбегінің ауылдың берекесі мен аудан экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.
    «Диқанның маңдай терімен өнген әрбір өнім – елдің ырысы. Жердің қадірін біліп, кәсібін адал еңбегімен дөңгелетіп отырған шаруалардың жұмысы – ауылдың дамуына берік негіз. Сондықтан еңбек адамын қолдау, шаруалардың мәселесіне құлақ асу және ауыл шаруашылығын дамыту – басты міндеттердің бірі», – деді аудан әкімі.
    Өз кезегінде шаруа қожалығының төрайымы Серкебай Дүйсенкүл шаруашылықтың алдағы жоспарларымен бөлісіп, егіс көлемін ұлғайту, техникалық мүмкіндікті арттыру және өндіріс көлемін көбейту жөніндегі жоспарларын жеткізді.
    Аудан басшысы тиісті сала жауаптыларына шаруалардың ұсыныстарын назарға алып, заң аясында қолдау көрсету мәселелерін зерделеуді тапсырды.
    Көксу ауылдық округіндегі «Балтабай» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі – өз еңбегіне сенген ауыл кәсіпкерінің тұрақты ізденісі мен маңдай терінің нақты көрінісі. Осындай еңбекпен елді мекендердің әлеуеті артып, ауылдың экономикасы нығая түседі.
    Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шардара ауданы әкімінің аппараты" жаңалықтары