Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Талдықорған қаласында өткен мерекелік іс-шараға Жетісу облысының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту жүйесінде еңбек етіп жүрген мамандар қатысты. Бүгінде аталған салада 2,6 мың қызметкер еңбек етсе, олардың 400-і әлеуметтік қызметкерлер болып табылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік жүйенің дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен халықты әлеуметтік қорғау саласында қазіргі таңда еңбек етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетіп, олардың еңбегіне деген шынайы ілтипат пен ризашылық білдіру.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы адал еңбегі және кәсіби мерекеге орай облыстың әлеуметтік саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін 4 адам Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, әлеуметтік саладағы еңбегімен ерекшеленген 2 қызметкерге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдары мен «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгілері табысталды.
Сонымен қатар, Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына 41 адам ие болды. Ал әлеуметтік саланың 6 қызметкеріне мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің «Qyzmet» салалық кәсіподағының Жетісу облыстық филиалының медальдары табысталды.
Салтанатты іс-шара барысында түрлі номинациялар бойынша үздік деп танылған мекемелер сертификаттармен марапатталды.
Мерекелік шара әлеуметтік қорғау саласының ардагерлері мен бүгінгі мамандарына құрмет көрсетіп, олардың қоғам игілігі жолындағы еңбегін дәріптеуге арналды. Сондай-ақ, іс-шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, әлеуметтік сала қызметкерлерінің қоғамдағы маңызын айқындауға, олардың ізгі істерін насихаттап, еңбектеріне лайықты баға беруге бағытталды.









