
30 қыркүйек күні Талдықорған қаласында «Еңбекпен – тәртіпке, тәртіппен – табысқа» атты облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шара облыс прокуроры Жұмақанов Бауыржан Альбертұлы мен облыс әкімінің орынбасары Көлбаев Марлен Қапашұлының қатысуымен ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Жетісу облысының әр ауданы мен қаласынан 100-ден астам жұмыс беруші қатысып, 400-ден астам жұмыссыз азаматқа бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 700-ге жуық адам қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – жұмыс іздеушілерді тұрақты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жұмыс берушілер мен азаматтар арасында тікелей байланыс орнату, еңбек құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат беру және заңды еңбек қатынастарының маңызын түсіндіру.
Іс-шара концерттік бағдарламамен басталып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, еңбек саласына үлес қосып жүрген бірқатар жұмыс берушілерге алғыс хаттар табысталып, марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға жұмыссыз азаматтармен қатар, еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар азаматтар, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарының жұмыссыз түлектері қатысты. Сондай-ақ Жетісу облысының прокуратурасымен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды еңбекпен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жәрмеңке аясында облыстың аудан, қалаларынан келген грант иегерлері өздерінің өнімдері мен қолөнер бұйымдарын таныстырып, кәсіпкерлік бағыттағы жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Облыстық деңгейде өткен жәрмеңке азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға, заңды еңбек қатынастарын нығайтуға, еңбек тәртібі мен жауапкершілікті арттыруға және адал еңбек құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.








