Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (БҚИТУ) бірінші курс студенттерімен дропперлік пен лудоманияның алдын алуға арналған дөңгелек үстел өткізді.
Кездесу барысында департамент қызметкерлері студенттерге жастарды дропперлікке тартудың негізгі тәсілдерін түсіндіріп, заңсыз қаржылық операцияларға қатысқаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға берудің қауіп-қатері туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне, оның жастардың қаржылық әл-ауқаты мен әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсеріне ерекше назар аударылды.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, қаржылық алаяқтардан қорғану бойынша практикалық кеңестер алды.
Осындай іс-шараларды өткізу жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, жеке қаржыға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.









