Маңғыстау облысында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бақылауды күшейтті.
Бақылау жұмыстарына ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар) да тартылуда. Дрон арқылы жол қозғалысының барысын, көшелер мен қоғамдық орындардағы ахуалды әуеден бақылауға, құқық бұзушылық белгілерін анықтауға және тиісті патрульдік экипаждарға жедел ақпарат беруге мүмкіндік бар.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жаяу жүргіншілерге жол беруге және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Көлік құралын масаң күйде басқаруға қатаң тыйым салынады.
Сонымен қатар қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішуден, ұсақ бұзақылықтан, азаматтардың тыныштығын бұзудан және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудан аулақ болу қажет.
Құрметті тұрғындар мен қала қонақтары! Заң талаптарын сақтап, жолда және қоғамдық орындарда жауапкершілік танытыңыздар. Полиция құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.
Ескерту: дрон арқылы әуеден бақылау жүргізіледі. Жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіп талаптарын сақтаңыздар!









