Актауда «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

    Маңғыстау облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

    2026 жылғы 24–31 қазан аралығында Ақтау қаласының аумағында ұйымдастырылған іс-шара аясында ювеналды полиция қызметкерлері рейдтік жұмыстар жүргізіп, кешкі және түнгі уақытта кәмелетке толмағандар болуы мүмкін орындарды тексеруде.

    Полиция қызметкерлері ата-аналарға балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына қатысты заңнама талаптарын түсіндіруде.

    Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін, ал тұрғынжайдан тыс жерлерде сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін болуына жол берілмейді.

    Аталған талаптарды бұзғаны үшін заңды өкілдерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орнында түнгі уақытта болуы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал тұрғынжайдан тыс жерде белгіленген уақытта болуы үшін ескерту жасалады. Егер осыған ұқсас құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

    Полиция қызметкерлері ата-аналарды күзгі каникул кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауға, сондай-ақ қауіпсіздігіне ерекше назар аударуға шақырады.

    Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Олардың құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға ата-аналардың белсенді қатысуы маңызды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының Полиция департаменті" жаңалықтары