ТМРК төрағасы Афиныда энергетика саласын реттеуші органдардың халықаралық кездесуіне қатысты

    1 / 4

    2026 жылғы 26–27 қазанда Грекияның Афины қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев Энергетиканы реттеуші органдардың өңірлік қауымдастығы (ERRA) ұйымдастырған халықаралық кездесулерге қатысты.

    Басқосуда түрлі елдердің реттеуші органдарының өкілдері энергетика секторындағы өзекті мәселелерді, реттеу тетіктерін жетілдіру жолдарын талқылап, практикалық тәжірибе алмасты. Кездесулер Грекияның Энергетика, қалдықтар және су ресурстарын реттеу органының (RAAEY) қолдауымен өтті.

    26 қазанда ERRA-ға мүше елдердің реттеуші органдары басшыларының кездесуі өтті. Оның барысында Қауымдастықтың 2026 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, 2027 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.

    Қатысушылар реттеуші органдар қызметінің тәуелсіздігі мен тиімділігіне, реттеу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ әртүрлі елдерде қолданылатын практикалық тәсілдерді зерделеуге ерекше назар аударды.

    Тақырыптық сессиялар аясында энергетикалық нарықтардың жұмыс істеу ерекшеліктері, электр энергиясы мен газды есепке алудың зияткерлік жүйелерін енгізу, реттеуші органдардың қызметінде жасанды интеллектіні қолдану, сондай-ақ электр желілеріне қосылудың икемді тетіктерін дамыту мәселелері қаралды.

    Сонымен қатар сыртқы факторлардың әлемдік энергетикалық нарықтарға әсеріне, энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне, энергия ресурстары бағасының өзгеруіне және энергияны жинақтау жүйелерін реттеуге ерекше көңіл бөлінді.

    27 қазанда халықаралық іс-шаралар бағдарламасы деректерді өңдеу орталықтарының көбеюі және жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясының кеңеюі жағдайында электр энергетикалық жүйелерді дамытуға арналған тақырыптық семинармен жалғасты.

    Қазақстандық тараптың ERRA іс-шараларына қатысуы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, энергетикалық инфрақұрылымды реттеудің озық тәсілдерін зерделеуге және шетелдік реттеуші органдармен кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал етеді.

    Анықтама үшін: ERRA (Energy Regulators Regional Association) – Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс және әлемнің басқа да өңірлеріндегі энергетика саласын реттеуші органдарды біріктіретін халықаралық қауымдастық. Ұйымның қызметі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға және энергетика саласын реттеудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті" жаңалықтары