ТМРК: ЭКСЖ ұлттық жобасы ауқымды іске асыру кезеңіне өтті

    1 / 4

    2026 жылғы 14 қазанда Астанада энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, инвестициялар тарту және отандық өндірушілердің қатысуын кеңейту мәселелеріне арналған «ЭКСЖ ұлттық жобасы және электр энергетикасы саласын дамыту. Қазақстандық бизнес үшін мүмкіндіктер» атты салалық форум өтті.

    Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, табиғи монополиялар субъектілерінің, мердігер ұйымдар мен отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

    Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасын іске асырудың негізгі нәтижелерін таныстырып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді атап өтті.

    Өз сөзінде Комитет басшысы Ұлттық жобаның қажетті тетіктерді қалыптастыру кезеңінен ауқымды практикалық іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті. Нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып, өтінім беруден бастап сатып алу рәсімдерін өткізуге дейінгі процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін ЭКСЖ электрондық платформасы іске қосылды.

    «Алғашқы жылдың өзінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2025 жылы 547 миллиард теңге инвестиция тартылып, 6 659 шақырым желі жаңартылды, 40 монополия субъектісі қаржыландыру алды, ал олардың сегізі тозу деңгейі 70%-дан асатын «қызыл аймақтан» шығарылды», – деп атап өтті Тимур Қосымбаев.

    2026 жылы қаржыландыру көлемі 1,2 трлн теңге деңгейінде көзделген, ал жаңғыртылатын желілердің ұзындығы шамамен 12 мың шақырымды құрауы тиіс.

    Баяндама барысында орындалатын жұмыстардың сапасы мен жобаларды іске асыру мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударылды. Комитет төрағасы техникалық қадағалауды күшейту және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті.

    «Біз желілерді алдағы ондаған жылдарға арнап салып жатырмыз, сондықтан сапаға қойылатын талаптар төмендетілмейді. Мердігерлер жұмыстарды белгіленген кестеге қатаң сәйкес әрі тиісті сапада орындайды деп сенеміз. Монополия субъектілері әрбір нысанда міндетті түрде техникалық қадағалауды қамтамасыз етіп, жұмыстарды тек оның қорытындысы болған жағдайда ғана қабылдауы маңызды», – деді Комитет басшысы.

    Форумның негізгі мәселелерінің бірі 2027 жылға арналған жобаларды дайындау болды. Келесі жылы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 1,8 трлн теңге қарастырылған. Жобалық құжаттаманы уақтылы дайындауға, қаржыландыруды қамтамасыз етуге және құрылыс маусымы басталғанға дейін мердігер ұйымдармен шарттар жасасуға ерекше назар аударылатын болады.

    Сондай-ақ Форумда Ұлттық жобаны іске асыруға қазақстандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды. Іс-шара аясында өндірістік кооперацияны дамытуға, өндірісті жергіліктендіруге және отандық өнімдерді ілгерілетуге бағытталған алты шарт пен келісімге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтар инженерлік желілерді жаңғырту кезінде сұранысқа ие құбыр өнімдерін, электротехникалық жабдықтар мен жинақтауыш бөлшектерді өндіруді қамтиды.

    Комитет Ұлттық жобаның үйлестірушісі ретінде инфрақұрылымды уақтылы жаңғыртуды, инженерлік желілердің тозу деңгейін төмендетуді және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында жұмыстардың орындалу барысына мониторинг жүргізуді, көшпелі тексерулер өткізуді және жобаға қатысушылармен өзара іс-қимылды жалғастырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті" жаңалықтары