Талдықорғанда полицейлер қоғамдық орындарды ластау фактілерін анықтауды жалғастыруда. Бұл бағыттағы жұмыста құқық бұзушылықтарды тіркеп, оған қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік беретін Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары белсенді қолданылады.
Бұл жолы бейнебақылау камераларына гипермаркеттердің бірінің маңында темекі шегіп, тұқылын жерге тастаған 50 және 45 жастағы екі жергілікті тұрғын түскен.
Тексеру қорытындысы бойынша екі құқық бұзушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қала тазалығы мен тәртібі әр адамның қоршаған ортаға деген көзқарасына байланысты екенін еске салады. Жерге тасталған кішкентай темекі тұқылының өзі көшені ластап, қаланың көркін бұзады.
Тазалықты сақтап жүрген жандардың еңбегін құрметтеп, ортақ үйімізге жанашырлықпен қарайық. Талдықорғанның тазалығы әрқайсымыздан басталады!









