Еңбек қатынастары: жұмыскер мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері

    Еңбек заңнамасын сақтау азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етудің және жұмыскер мен жұмыс беруші арасында әділ еңбек қатынастарын қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.

    Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастарының әрбір тарапы белгілі бір құқықтарға ие және заңнамада белгіленген міндеттерді орындауға міндетті.

    Жұмыскердің қандай құқықтары бар?

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 22-бабына сәйкес жұмыскердің:

    • заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және тоқтатуға;

    • жалақының уақтылы және толық көлемде төленуіне;

    • қауіпсіз еңбек жағдайларына және еңбекті қорғауға;

    • тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;

    • өзінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар.

    Жұмыскердің қандай міндеттері бар?

    Жұмыскер өзінің еңбек міндеттерін адал орындауға, еңбек тәртібін, қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтауға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкіне ұқыпты қарауға міндетті.

    Жұмыс берушінің қандай құқықтары бар?

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс берушінің:

    • белгіленген тәртіппен еңбек шарттарын жасасуға, өзгертуге және тоқтатуға;

    • жұмыскерлерден еңбек міндеттерін тиісінше орындауды талап етуге;

    • жұмыскерлерді адал еңбегі үшін көтермелеуге;

    • заңнамада көзделген тәртіппен жұмыскерлерді тәртіптік жауаптылыққа тартуға;

    • өз құзыреті шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға құқығы бар.

    Жұмыс берушінің қандай міндеттері бар?

    Жұмыс беруші еңбек қатынастарын тиісті түрде рәсімдеуге, жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеуге, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, заңнамада белгіленген кепілдіктерді беруге және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтауға міндетті.

    Есте сақтаңыз!

    Еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат. Оны жасасу еңбек қатынастарының құқықтық айқындылығын қамтамасыз етеді және екі тараптың да мүдделерін қорғауға ықпал етеді.

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті еңбек заңнамасын сақтау, өзара құрмет және міндеттемелерді жауапкершілікпен орындау тұрақты әрі әділ еңбек қатынастарының негізі екенін еске салады.

    Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменттеріне, оның ішінде e-Otinish порталы арқылы жүгінуге құқылы.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Қостанай облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті»" жаңалықтары