Қостанай облысынан 3 000-нан астам ауыл оқушысы IQanat олимпиадасының аудандық кезеңіне қатысуда
IQanat қоры 8 жылдан бері Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушылары мен педагогтерді қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобалары мен бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. IQanat олимпиадасы ауыл оқушыларын Қазақстанның және әлемнің жоғары оқу орындарына түсуге арналған үш жылдық тегін дайындыққа іріктеу мақсатында өткізіледі. Осы бағдарлама аясында ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, Purdue University, Hong Kong Polytechnic University, University of Chicago және басқа да беделді жоғары оқу орындарының гранттарына ие болады.
Қазан айында республика бойынша IQanat олимпиадасының аудандық кезеңі өтуде. Оған ауылдық жерлерден 67 000-нан астам сегізінші сынып оқушысы қатысады. Олардың 70%-ға жуығы әлеуметтік осал отбасылардан шыққан. Қостанай облысынан олимпиаданың аудандық кезеңіне 3 000-нан астам сегізінші сынып оқушысы қатысады. Дәл осы кезеңнің нәтижесінде жартылай финалға өтетін 10 000 оқушы анықталады.
Олимпиаданың бірінші кезеңінде оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау қабілеті мен қазақ тілін білу деңгейін бағалайтын кешенді тестілеу өткізіледі. Сонымен қатар бірінші кезең аясында оқушыларды білім алуға, дамуға және өз мақсаттарына жетуге ынталандыратын мотивациялық кездесулер ұйымдастырылады. Осы кезеңнің нәтижелері олимпиаданың екінші кезеңіне өтетін қатысушыларды анықтайды.
Екінші кезеңде оқушыларды пәндер бойынша тереңдетілген тестілеу күтіп тұр. Оның қорытындысы бойынша 1 000 финалист іріктеледі. Олардың бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-интернатында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады, ал қалған бөлігі үш жылдық тегін олимпиададан кейінгі қолдау бағдарламасына қатысады. Бағдарлама аясында оқушылар ҰБТ-ға және халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін, soft skills дағдыларын, кәсіпкерлікті және басқа да бағыттарды меңгереді. Сонымен қатар олардың жетістіктері бақыланып, әрі қарай дамуына қолдау көрсетіледі.
Қазірдің өзінде 11 ауданда (Амангелді, Әулиекөл, Жангелдин, Денисов, Жітіқара, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара, Наурызым, Ұзынкөл және Федоров аудандарында) 1 700 оқушы арасында тестілеу өткізілді. Ал қалған 6 ауданның (Алтынсарин, Қарасу, Қостанай, Сарыкөл, Б. Майлин аудандары мен Арқалық қаласының) сегізінші сынып оқушылары әлі де зияткерлік сынақтардан өтуі тиіс.
IQanat олимпиадасына қатысу арқылы өңірдің дарынды балалары өз әлеуетін ашуға және туған облысы мен елінің игілігі үшін өз қабілеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.








