«Көңілді отбасы»: экстремизмнің алдын алудағы отбасылық бірлік

    Жезқазған қаласындағы «Ұлытау» спорт кешенінде Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы діндар отбасылардың қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған «Көңілді отбасы» спорттық эстафетасы өтті.

    Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-аналар мен балалар арасындағы өзара сенімді арттыру, діндар отбасыларды қоғамдық өмірге белсенді тарту және деструктивті діни идеологиялардың алдын алу жұмыстарын тиімді форматта ұйымдастыру.

    Қазіргі ақпараттық кеңістікте радикалды идеялар әлеуметтік желілер мен түрлі манипуляциялық тәсілдер арқылы таралуы мүмкін. Мұндай қауіптердің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Баламен ашық қарым-қатынас орнату, оның қызығушылығына назар аудару, күмәнді діни ақпаратты бірге талқылау және сенімді дереккөздерге жүгіну – жат идеологиядан қорғанудың маңызды тетіктері.

    Эстафета барысында аналар мен балалар бірнеше спорттық кезең бойынша сынға түсіп, шапшаңдық, ептілік және ұйымшылдық танытты. Қатысушылардың бір команда ретінде әрекет етуі өзара қолдау мен отбасы бірлігінің маңызын көрсетті.

    Іс-шара аясында қатысушыларға діни экстремизм мен терроризмнің қауіптілігі, интернеттегі күмәнді діни мазмұннан сақтану және діни сауаттылықты арттырудың маңызы түсіндірілді. Діни мәселелер бойынша белгісіз уағызшыларға емес, білікті теологтар мен дінтанушыларға жүгіну қажеттігі атап өтілді.

    Жарыс достық пен татулық жағдайында өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мұндай спорттық және отбасылық іс-шаралар профилактикалық жұмыстың мазмұнын кеңейтіп, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

    «Көңілді отбасы» эстафетасы берік отбасы, дұрыс тәрбие және діни сауаттылық деструктивті идеологияларға қарсы сенімді қорған екенін тағы бір мәрте көрсетті.

    Материал Ұлытау облысы ТҚК аппараты ұсынған ақпарат негізінде дайындалды

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары