1 / 8
1 шілдеден бастап Қазақстанда абаттандыру қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке тұрғын үй мен коммерциялық нысан иелері өз аумағымен қатар, оған іргелес 5 метрге дейінгі аумақтың тазалығы мен күтіп-ұсталуына жауапты.
Жаңа талаптарға сәйкес, тұрғындар мен кәсіпкерлік нысан иелері іргелес аумақты қоқыстан, арамшөптен, қар мен мұздан тазартуға міндетті. Қоршау сыртында құрылыс материалдарын, отын, тыңайтқыш, тіркеме және көлік құралдарын ұзақ уақыт қалдыруға жол берілмейді. Сонымен қатар, ғимаратта нөмірлік белгі болуы, қасбеті мен қоршауы тиісті жағдайда ұсталуы қажет. Құрылыс қалдықтары арнайы белгіленген орындарға шығарылуы тиіс.
Бүгін тиісті сала мамандары бекітілген кестеге сәйкес қала секторларында тексеріс жүргізді. Тексеру барысында абаттандыру талаптарына сәйкес келмейтін аумақтар анықталды. Мамандар нысан иелеріне заң талаптарын түсіндіріп, тиісті шаралар қабылдады. Талаптарды бұзу фактілері бойынша заңнамада көзделген тәртіппен айыппұл салынды.
Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 20 АЕК, ал ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда жауапкершілік күшейтіледі. Заңнамада көзделген жағдайларда қоғамдық жұмыстарға тарту шарасы да қолданылуы мүмкін.
Айта кетейік, қолданыстағы тәртіпке сәйкес, құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамаларды полиция қызметкерлерімен қатар, тиісті өкілеттік берілген әкімдік инспекторлары да толтыра алады.









