ТҮРКІСТАНДА 26 ЕЛДЕН 3 МЫҢНАН АСТАМ ЖҮЙРІК ҚАТЫСҚАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МАРАФОН ӨТТІ

    1 / 29
    Республика күніне орай Түркістан қаласында бесінші рет Turkistan Marathon халықаралық жүгіру жарысы өтті. Әлемнің 26 елінен 3 мыңнан астам қатысушы жиналды. Ауқымды спорттық шараны «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.
    Марафонның сөресі мен мәресі Karavan Saray кешенінің маңында орналасқан. Қатысушылар Бекзат Саттарханов даңғылы бойымен әуежай бағытына қарай жүгіріп, белгіленген маршрут бойынша кері қайтады.
    Жарыс бағдарламасына бес қашықтық енгізілген. Атап айтқанда, 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, 10 шақырымдық скандинавиялық жүріс және 10–14 жас аралығындағы балаларға арналған 3 шақырымдық жарыс ұйымдастырылды.
    Turkistan Marathon жыл сайын еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген спортшыларды біріктіріп, халықаралық деңгейдегі спорттық дәстүрді қалыптастырып келеді. 2025 жылы жарысқа 3 мың жүгіруші қатысқан. Олардың 1 968-і Қазақстанның басқа өңірлерінен, 368-і шетелден келген.
    Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның туристік және экономикалық әлеуеті де жоғары. Жүгірушілермен бірге қалаға олардың туыстары мен достары келеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, әр қатысушыға орта есеппен 1,6 еріп жүрушіден келеді. 2025 жылы олардың жалпы саны шамамен 4 мың адамға жеткен.
    Марафонға қатысушылар спорттық жарыспен қатар Түркістанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік алады. Қаладағы басты туристік нысандардың бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Осылайша, Turkistan Marathon спорт пен туризмді ұштастырып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
    Айта кетейік, Turkistan Marathon Халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген. Жарыс трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Сонымен қатар марафон Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінің жарыстарын біріктіретін TAN (Turkic Alliance of Long Runs) халықаралық сериясының құрамына кіреді.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Түркістан қаласы әкімінің аппараты" жаңалықтары