Алматы облысының Нарынқол ауылында жаңа емхана ашылды
Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында бір ауысымда 250 келушіні қабылдауға арналған жаңа емхана пайдалануға берілді. Заманауи медициналық нысан аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, диагностикалық және емдеу қызметтерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 6 650 шаршы метрді құрайды. Құрылысы 2022 жылы 7 сәуірде басталған жобаның жалпы құны 4 млрд 105 млн теңгеден асады. Оның ішінде медициналық жабдықтарды сатып алуға 1,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, медицина саласының өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Басқарма басшысы Ержан Сүлейменов жаңа нысанның өңірдегі медициналық инфрақұрылымды дамытудағы маңызын атап өтті.
«Нарынқол ауылында жаңа емхананың ашылуы — аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи диагностикалық жабдықтар мен бейінді мамандардың қызметі ауруларды ерте анықтауға, қажетті емді уақтылы бастауға және тұрғындардың медициналық қызмет алу үшін алысқа бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Ержан Сүлейменов.
Жаңа емханада жалпы практика дәрігерлері, терапевт, педиатр және кардиология, неврология, эндокринология, акушерлік-гинекология, хирургия, офтальмология, оториноларингология мен стоматология бағыттарының мамандары қабылдау жүргізеді. Сондай-ақ рентген, флюорография, маммография, компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу және басқа да диагностикалық қызметтер қарастырылған.
Бұдан бөлек, емханада күндізгі стационар, физиотерапия, массаж және медициналық оңалту қызметтері ұйымдастырылады. Төртінші қабатта ересектер мен балаларға арналған 10 төсек-орындық оңалту бөлімшесі орналасады. Мұнда жарақаттардан, инсульттен және жүрек-қантамыр ауруларынан кейін пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем жүргізіледі.
Райымбек аудандық ауруханасының директоры Руслан Куккузов медициналық көмектің сапасын арттыруда білікті мамандармен қамтамасыз ету және жас дәрігерлерді қолдау маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа емхананың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлеміз. Қазіргі таңда ауданға жас мамандарды тарту, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылдан бері ауданға 36 жас дәрігер жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда Райымбек аудандық ауруханасының штатында 62 дәрігер бар. Алдағы уақытта да мамандарды тарту және олардың тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасады», — деді Руслан Куккузов.
Жаңа емхананың ашылуы Райымбек ауданының медициналық инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындарға сапалы медициналық қызметті тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді. Бұл аурулардың алдын алу, оларды ерте анықтау және халық денсаулығын сақтау бағытындағы маңызды қадам.









