Бүгін Алматы облысы әкімінің орынбасары Қуаныш Бахытұлының төрағалығымен Денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысы өтті. Жиынға Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.
Алқа отырысы Қазақстан Республикасының Республика күніне орай денсаулық сақтау саласының бірқатар мамандарын марапаттаудан басталды. Медицина қызметкерлеріне «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды. Бұл марапаттар денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлес қосып, халық денсаулығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби қызметіне берілген баға болды.
Жиын барысында 2026 жылдың тоғыз айында өңірдің денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстар, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, кадрлық әлеуетті нығайту және аурулардың алдын алу бағытындағы шаралар қаралды.
Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысына тоқталып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетудің маңызын атап өтті.
«Денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы басты міндет – әрбір тұрғынға сапалы әрі уақтылы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдық жерлердегі медициналық ұйымдардың әлеуетін арттыру, кадр тапшылығын азайту және аурулардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу маңызды. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға күш саламыз», – деді Ержан Сүлейменов.
Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 38 нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт бар. Қазіргі уақытта 36 нысан Денсаулық сақтау басқармасының балансына беріліп, 35 нысан медициналық қызмет көрсетуге лицензия алды.
Аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Еңбекшіқазақ көпсалалы орталық аудандық ауруханасының стационарлық және перзентхана корпустарындағы күрделі жөндеу толық аяқталды. Медициналық мекемеге ангиографиялық жабдық орнатылып, облыстық перинаталдық орталық ашылды.
Қарасай көпсалалы орталық аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстарының 85 пайызы орындалды. Жобаны 2026 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Ұйғыр аудандық орталық ауруханасында күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта демонтаж жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстарының орындалу деңгейі 35 пайызды құрады.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының желісін кеңейту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Райымбек ауданының Нарынқол ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхананы 28 қазанда ашу жоспарланған. Жобаның құны – 4,4 млрд теңге.
Еңбекшіқазақ ауданының Тескенсу ауылында ауысымына 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Нысанның құны – 889,6 млн теңге. Оны ағымдағы жылдың 16 желтоқсанына дейін ашу көзделген.
Медициналық кадрларды даярлау және қолдау
Қазіргі уақытта Алматы облысының медициналық ұйымдарында 3 мың дәрігер және 9 мыңнан астам орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Кадр тапшылығын азайту және медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында мамандарды даярлау, жас дәрігерлерді қолдау және олардың кәсіби біліктілігін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылы жергілікті бюджет есебінен білім алған 65 резидент аудандық медициналық ұйымдарға жұмысқа жіберілді. Сонымен қатар тағы 40 маман резидентураға қабылданды. Тапшы мамандықтар бойынша 40 жас дәрігерге жалпы сомасы 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлінді.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Есепті кезеңде 37 маман шетелде білімін жетілдірсе, 140 медицина қызметкері жетекші қазақстандық клиникаларда оқудан өтті.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері мобильді медициналық топ өңірлерге шығып, 2 501 пациентті тексерді. Мамандар алты операция жасап, жергілікті дәрігерлерге консультациялар беріп, тәжірибе алмасуға бағытталған шеберлік сабақтарын өткізді.
Аурулардың алдын алу және ерте анықтау
Облыста аурулардың алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылы скринингтік тексерулермен 766,3 мың адам қамтылды. Бұл – тексерілуге тиіс халықтың 84,3 пайызы. Тексеру нәтижесінде 26 мың адамнан түрлі аурулар мен патологиялық жағдайлар анықталып, 16,5 мың адам диспансерлік есепке алынды.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау бағытында да көрсеткіштер жақсарған. Сүт безі обыры бойынша скринингпен қамту деңгейі 44 пайыздан 71 пайызға, жатыр мойны обыры бойынша 51 пайыздан 74,1 пайызға, ал колоректалдық обыр бойынша 42,4 пайыздан 75 пайызға дейін өсті.
Сонымен қатар ерлер арасында цереброваскулярлық ауруларды анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді. Тексеру нәтижесінде қан тамырларының стенозы анықталған 2 090 ер адам тіркелді. Олардың 1 578-і тамыр хирургының консультациясын алды. Үш хирургиялық араласу жүргізілді.
Алқа отырысы аясында өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тоғыз айлық жұмысы қорытындыланып, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және профилактикалық шараларды жетілдіруге бағытталған жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Алматы облысында денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық көмек көрсетуге басымдық беріледі.









