ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕНДЕР ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ТЕКСЕРУДЕ

    1 / 3

    Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының екі жылжымалы медициналық кешені осы аптада Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде. Арнайы жабдықталған кешендер шалғай елді мекендердегі халыққа онкологиялық ауруларды ерте анықтауға бағытталған тексерулерден өтуге мүмкіндік береді.

    Жылжымалы кешендерде маммография, компьютерлік томография (КТ) және онколог дәрігердің жолдамасы бойынша ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) жүргізіледі. Бұл тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға, қатерлі ісікке күдік туындаған жағдайда пациенттерді қосымша тексеруге бағыттауға мүмкіндік береді.

    2025 жылғы 3 ақпан мен 19 желтоқсан аралығында жылжымалы медициналық кешендерде 13 414 пациент тексеруден өткен. Оның ішінде 4 342 әйел маммографиядан, 5 624 пациент онкологтың жолдамасы бойынша УДЗ-дан, 3 228 адам компьютерлік томографиядан өткен. Тексеру нәтижесінде 32 пациенттен қатерлі ісік анықталып, 290 адамда қатерлі ісікке күдік туындаған, 490 пациенттен обыр алды аурулар табылған.

    Ал 2026 жылғы 4 ақпан мен 30 қыркүйек аралығында 11 661 пациент тексерілген. Оның ішінде 4 774 әйел маммографиядан, 3 881 пациент УДЗ-дан, 3 006 адам КТ-дан өткен. Нәтижесінде 32 пациенттен қатерлі ісік анықталып, 346 адамда қатерлі ісікке күдік байқалған, 219 пациенттен обыр алды аурулар анықталған.

    Алматы аймақтық көпсалалы клиникасының директоры Саяхат Олжаевтың айтуынша, жылжымалы медициналық кешендердің басты мақсаты – медициналық көмекті халыққа барынша жақындату және шалғай елді мекендер тұрғындарының заманауи диагностикадан өту мүмкіндігін кеңейту.

    «Онкологиялық ауруларды ерте анықтау – емнің тиімділігін арттырудағы маңызды қадам. Сондықтан тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан, қажетті диагностикалық тексерулерден уақытылы өтуіне жағдай жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Жылжымалы медициналық кешендер шалғай ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, ауруларды ерте анықтау мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға күш саламыз», – деді Саяхат Олжаев.

    Мамандар тұрғындарды профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуге және денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау емдеу нәтижелерін жақсартуға және асқыну қаупін төмендетуге ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы" жаңалықтары