24 қазанда сағат 22:30 шамасында Петропавл қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Қуаныш Сүлейменов пен оның орынбасары Жомарт Тасбаев «Солнечный» кентінде патрульдік экипаждардың жұмысын тексеріп жүрген. Қала орталығына қарай қайтып келе жатқанда, Новопавловка маңындағы саяжайлардың бірінде өрт шыққанын байқаған.
Полицейлер жедел басқару орталығына хабар беріп, өрт сөндіру қызметін шақырды да, оқиға орнына бет алды. 10-шы линия көшесіндегі үйлердің бірі өртеніп жатқан. Жақын маңдағы көршісі үй ішінде адам болуы мүмкін екенін айтқан.
Үйді жалын толық шарпығандықтан, учаске қақпасы жағынан жақындау мүмкін болмады. Полицейлер көрші үйдің қоршауынан асып өтуге мәжбүр болды.
Бақытына орай, саяжай иесі үйден шығып үлгеріп, жанып жатқан құрылыстан бір метр жерде жатқан. Алайда оған жақындаудың өзі қиын еді: қатты ыстықтан жақындау мүмкін болмады, ал шатырдағы шифер жарылып жатты. Соған қарамастан, Қуаныш пен Жомарт қауіпке қарамай, ер адамды көтеріп алып, аумақтан сыртқа шығарды және жедел жәрдем шақырды.
Патрульдік көлікте 63 жастағы ер адам есін жинай бастады. Оның мас күйде болғаны байқалды. Өрттің шығу себебін түсіндіре алмады, тіпті не болғанын да толық ұқпай, аяқ киімі мен телефонын әкелуді сұраған. Тек біраз уақыттан кейін ғана ол ажалдан бір қадам қалғанын түсінді.
Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды сөндірді. Батальон командирі мен оның орынбасары қызметтік міндеттерін атқаруды жалғастырды.
Қуаныш Сүлейменовтің тәжірибесінде бұл адамдарды құтқарған алғашқы жағдай емес. Алайда ол мұндай оқиғалар туралы айтуды ұната бермейді. Өрт туралы оқиға саяжай қоғамдастығының төрайымы WhatsApp чатында полицейлерге алғыс жариялағаннан кейін көпшілікке белгілі болды.
Ол да, өрттен зардап шеккен адамның көршілері де полицейлерге адам өмірін сақтап қалғаны және өрт туралы дер кезінде хабар бергені үшін алғыс білдіреді. Соның арқасында жалынның көрші құрылыстарға таралуына жол берілмеді.









