Қазақстан Республикасының күніне орай Ішкі істер министрлігінде өткен салтанатты жиында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
«Ерлігі үшін» медалімен СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абылғазы Ғабдуллин марапатталды. Ол өңірлік полиция ведомствосындағы тәжірибелі басшылардың бірі. Мемлекеттік награда офицерге 2026 жылғы 11 тамызда көрсеткен ерлігі үшін берілді. Сол күні өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, полковник Ғабдуллин қолына екі пышақ ұстаған ер адамды өзіне қол жұмсау әрекетінен бас тартуға көндіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Жоғары мемлекеттік награданы офицерге Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыстады.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен Петропавл қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Диана Бакенова марапатталды. Бұл марапат аса ауыр қылмыстарды нәтижелі әрі табанды тергегені үшін берілген жоғары баға болды. Капитан Бакенованың кәсіби ұстанымы жас әріптестеріне үлгі.
Солтүстік Қазақстан облысы полицейлерінің еңбегі жоғары мемлекеттік деңгейде мойындалуы өңірдің жеке құрамы үшін маңызды оқиға болды. Мереке күндері де тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқарып, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.









