Петропавл полицейлері Республика күнін жаңартылған қызметтік ғимараттарда қарсы алады

    1 / 10

    Республика күні қарсаңында Петропавл полицейлері мерекені жаңартылған қызметтік ғимараттарда қарсы алды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров Петропавл қаласы полиция басқармасының Бірінші полиция бөлімінің және № 5 учаскелік полиция пунктінің ашылуына қатысты.

    Бірінші полиция бөлімі Шоқан Уәлиханов көшесі, 3 мекенжайында орналасқан. Бөлім қызметкерлері облыс орталығының солтүстік және орталық бөліктеріндегі ауқымды тұрғын аудандарға, атап айтқанда, 19 және 20-шағын аудандарға, «Береке» шағын ауданына және басқа да аумақтарға қызмет көрсетеді.

    Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір жедел уәкілдер, тергеушілер, қоғамдық қауіпсіздік және әкімшілік полиция бөлімшелерінің инспекторлары жарық әрі жылы, заманауи талаптарға сай жабдықталған бөлмелерде жұмыс істейді. Тергеу бөлімшесінде кабинеттер бір-бірінен мөлдір қабырғалармен бөлінген. Кезекші бөлім қажетті техникамен толық жабдықталған. Мониторлардан жоғары ажыратымдылықтағы бейнебақылау камераларының кескіндері көрсетіледі. Соның арқасында көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері мен басқа да маңызды бөлшектерді шамамен 100 метр қашықтықтан анық көруге болады.

    Ғауез Нұрмұхамбетов бірнеше кезеңмен жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесін жоғары бағалап, жұмысқа атсалысқандардың барлығына алғыс айтты. Сондай-ақ жеке құрамды келе жатқан мерекемен құттықтады.

    Облыс әкімі Жұмысшы кенті аумағында, Украинская көшесі, 224 мекенжайында орналасқан № 5 учаскелік полиция пунктіндегі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Учаскелік полиция инспекторларының қызмет көрсету аумағы негізінен жеке тұрғын үйлерден тұрады. Бұрын полиция пункті типтік ғимаратта орналасса, қазір оның аумағы кеңейтіліп, азаматтарды қабылдауға және учаскелік инспекторлардың қызмет атқаруына қажетті жағдай жасалған.

    Руслан Назаров жеке құрамның қызметтік міндеттерін мінсіз орындауына және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуына барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар құқық қорғау қызметін тиімді қолдап келеді. Тек биыл облыстық полицияның автопаркі 180 заманауи автокөлікпен толықты. Ал соңғы айларда облыс аудандарында 13 жедел басқару орталығы салынды.

    Ұлттық мереке қарсаңында мұндай жаңартулар тәулік бойы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы күрес жүргізетін полицейлер үшін маңызды ынталандыру болып отыр.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары