Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы басталды

    1 / 6

    26 қазанда Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының ашылу рәсімі мен бірінші кезеңі өтті. Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырды.

    Республикалық байқау Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге, дәстүрлі ән өнерін дамытуға және жас орындаушыларды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит секілді халық композиторларының асыл мұрасын қайта жаңғырту көзделген.

    Байқауға 41 өтінім түсті. Іріктеу қорытындысы бойынша республикалық кезеңге 20-35 жас аралығындағы 22 әнші жолдама алды. Іс-шараның ашылуы қарсаңында қатысушылардың сахнаға шығу кезегі жеребе арқылы анықталды.

    Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар орындаушылық шеберлігін, өзіндік ән айту мәнерін және дәстүрлі ән мектептерінің ерекшеліктерін қаншалықты меңгергенін көрсетеді.

    Қатысушылардың өнерін әншілер мен бейінді оқу орындарының оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Жақсыкелді Кемалов, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржан және Гүлмира Сарина бар.

    Байқау 27 қазанда аяқталады. Сағат 19:00-де іс-шараның жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады.

    ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі" жаңалықтары