21-23 қазан аралығында Қазан қаласындағы «Мир» кинотеатрында Қазақстан киносы күндері өтті. Іс-шара отандық кино өнерін насихаттауға және Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.
Жиынның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақов пен Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Юлия Әдғамова қатысты. Сондай-ақ мәдениет саласының мамандары, БАҚ өкілдері мен қала тұрғындары жиналды.
Бағдарламаға «Алматы, мен сені сүйемін!», «Паралимпиадашы» және «Бүркітші» атты үш көркем фильм енді. Алғашқы екі туынды 21 қазанда көрсетілсе, 23 қазанда режиссер Қуаныш Стахановтың «Бүркітші» фильмі көрерменге ұсынылды. Көрсетілім аясында «Паралимпиадашы» фильмінің актері Жалғас Жанғазин және режиссер Қуаныш Стахановпен шығармашылық кездесулер өтті. Олар фильмдердің түсірілу тарихы мен түсірілім барысындағы ерекшеліктер туралы әңгімелеп, көрерменнің сұрақтарына жауап берді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының атынан киноөндірісті техникалық қамтамасыз ету қызметі басшысының орынбасары Серікбол Өтепбергенов қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі









